ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖОБАСЫ

QH Жаздық жолдама – 2024

Жобаның мақсаты:

Жобаның мақсаты – 10-14 жас аралығындағы (қоса алғанда) ауыл мектептерінен 20 000 баланың зияткерлік және шығармашылық дамуына ықпал ететін бағдарламамен қауіпсіз және жайлы демалысты қамтамасыз ету.

  Міндеттері:

  1) балалардың демалыс лагерьлері, балалардың сауықтыру орталықтары (бұдан әрі – БСО), балалар сауықтыру лагерлері (бұдан әрі – БСЛ) базасында кемінде 10 күн ауысыммен балаларға сапалы және қауіпсіз демалуды қамтамасыз ету;

  2) білім беру, мәдени және ойын-сауық бағдарламалары арқылы балалардың спорттық, көшбасшылық, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін жағдайлар жасау;

  3) халықтық фольклорлық мерекелермен, салт-дәстүрлермен, ойындармен, әндермен, билермен, қолөнермен таныстыру;

  4) балалардың әлеуметтенуіне ықпал ету, олардың денсаулығын нығайту, мета-дағдыларды дамыту (4К-құзыреттілік, эмоционалды интеллект).


Жоба бюджеті:

Жобаның болжамды шығыстарының жалпы сметасы 2 241 941 762 теңгені құрайды.

  Қордың қатысуы жолдамаларды сатып алу бөлігінде көзделген.

  Қаржыландыру көзі: Қордың шоттарына кәсіпорындар, кәсіпкерлер және азаматтар жасайтын қайырымдылық жарналары.


Негізі:

2023 жылғы жазғы кезеңде Қамқоршылық кеңестің 2023 жылғы 15 мамырдағы № 35 шешімімен бекітілген «QH Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасы іске асырылды.

Жоба аясында ауылдық жерлерде тұратын 5-8 сыныптардың 19 679 оқушысы демалыспен қамтылды. Балалардың демалысы 26 лагерь базасында ұйымдастырылды, жалпы бюджет 2 089 625 736,1 теңгені құрады.

Жобаға аудандық, қалалық, облыстық және республикалық олимпиадалардың, жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурстарының, шығармашылық конкурстар мен спорттық жарыстардың жүлдегерлері, жеңімпаздары қатарынан оқушылар қатысты.

Жобаның қорытындысы бойынша облыстардың білім басқармалары ұсынған есептерде жобаның оң әлеуметтік және педагогикалық әсері атап өтілді.

«Қазақстан халқына» ҚҚ (бұдан әрі – Қор) Талдау және болжау орталығы жүргізген «QH Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасын іске асыру мониторингі жөніндегі есепке сәйкес сауалнама нәтижелері бойынша жобаға қатысушылардың ата-аналарының 92,5%-ы демалыс лагерлеріндегі тамақтануды, медициналық қолдауды, қауіпсіздікті оң бағалады. Ата-аналардың 94,9%-ы жақсы өмір сүру жағдайларын атап өтті, 92,5%-ы лагерь қызметкерлерінің жұмысына оң баға берді.

Жалпы, мониторинг нәтижелері сауықтыру-дамыту бағдарламасымен лагерьлермен қауіпсіз және жайлы демалыс қамтамасыз етілгенін көрсетеді.

Сонымен қатар, Қордың атына ҚР Оқу-ағарту министрлігінен (2024 жылғы 26.02 № 580) 2024 жылы «QH Жаздық жолдама» жобасын жалғастыру туралы бастамасымен және оны іске асыруды үйлестіруге дайындығымен хат келіп түсті.

Жобаның тиімділігі мен мақсаттарына қол жеткізуді ескере отырып, Қордың Қамқоршылық кеңесінің 2024 жылғы 11 наурыздағы № 53 Шешімімен 2024 жылы ауылдық жерлердегі балаларға арналған демалыс лагерьлеріне 20 000 жолдама сатып алу тәсілдері бекітілді.


Күтілетін нәтижелер:

 1) ауылдық жерлерден 20 000 оқушыны жазғы демалыспен қамту;

  2) Даму бағдарламасы бойынша БСО/БСЛ-да сапалы және қауіпсіз демалысты қамтамасыз ету;

  3) әр ауысымда кемінде 10 іс-шара өткізу: мотивациялық кездесулер, шығармашылық конкурстар, экологиялық және іскерлік ойындар, экологиялық акциялар, спорттық жарыстар, инновациялық технологияларға қол жеткізе отырып көшпелі экскурсиялар және өлкенің көрікті жерлеріне радиалды шығу және басқалар;

  4) оқушыларды халықтық фольклорлық мерекелермен, салт-дәстүрлермен, ойындармен, әндермен, билермен және қолөнермен таныстыру;

  5) балаларды әлеуметтендіру, олардың денсаулығын нығайту, мета-дағдыларды дамыту (4К-құзыреттілік, эмоционалдық интеллект).


Игілік алушылардың мақсатты тобы:

Игілік алушылардың нысаналы тобы – оқуда, спортта, шығармашылықта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген, мектеп өміріне белсенді қатысатын 10-14 жас аралығындағы (қоса алғанда) ауыл мектептерінен, сондай-ақ аз қамтылған, көп балалы, әлеуметтік осал отбасылар санаттарынан және су тасқынынан зардап шеккен отбасылардан шыққан 20 000 бала.


Мерзімдері мен кезеңдері:

2024 жылғы мамыр-қыркүйек, оның ішінде 2024 жылғы маусым-тамыз - балалардың демалысын ұйымдастыру

  Жобаның географиясы: Қазақстанның 17 облысы.


Жобаны іске асыру бойынша серіктестер

  • Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі
  • Облыстардың білім басқармалары
  • Балалар сауықтыру орталықтары мен лагерлері
© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.