Цифрлық шешімдерді енгізу, педагогикалық әлеуетті дамыту және тірек мектептермен желілік өзара іс-қимылды ұйымдастыру арқылы Солтүстік Қазақстан облысының шағын жинақты мектептерінде білім беру сапасы мен оқыту тиімділігін арттыру.
Жобаның міндеттері:
Жобаның болжамды шығыстарының жалпы сметасы 1 866 419 639 теңгені құрайды. Қордың қатысуы жалпы сомасы 1 010 319 639 теңгеге 39 шағын жинақты мектепті жарақтандыру бөлігінде көзделген
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекет тұрғылықты жеріне қарамастан барлық азаматтарға білімге тең қол жеткізетініне кепілдік береді. Шағын жинақты мектептер (бұдан әрі - ШЖМ) жалпы орта білім беру жүйесінің бөлігі ретінде айқындалған және заңда оларды қолдау қажеттігі атап көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде мектептерді қоса алғанда, ауылдарда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылды. Педагогтерді тарту үшін тұрғын үй беру және жалақыға үстемеақы беру сияқты қолдау шаралары қарастырылған. Бұл білім беру қызметтерінің жалпы деңгейін арттыра отырып, жас мамандарды ауылдық жерлерде жұмыс істеуге қосымша ынталандырады.
Жалпы алғанда, ұлттық білім доктринасы сапалы білім барлық азаматтар үшін қол жетімді болуы керек деп тұжырымдайды. ШЖМ, әсіресе ауылдық жерлерде білім алу мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету құралы ретінде қарастырылады.
Осылайша, ШЖМ дамыту – бұл елдің болашағына әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамытуға әсер ететін стратегиялық инвестиция. Шағын жинақты мектепте оқыту сапасын арттыру - бұл жүйелі тәсілді қажет ететін кешенді міндет.
Шағын жинақты мектептерді (бұдан әрі – ШЖМ) дамыту үшін 2023-2024 жылдары «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық қайырымдылық жобасы іске асырылды, ол 12 тірек және 134 ШЖМ қамтыды. Жобаға 11 мыңнан астам білім алушы мен 3,5 мыңға жуық педагог қатысты.
Жобада барлығы 12 серіктес болды (ҚР Оқу-ағарту министрлігі және ведомствоға бағынысты ұйымдар, «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» ҚҚ, білім беру платформаларының иелері, Ақтөбе облысының әкімдігі және т.б.), олардың әрқайсысы оны іске асыруға үлес қосты. «Қазақстан халқына» ҚҚ қаражаты есебінен жалпы сомасы 1 819 023 136 теңгеге 134 ШЖМ жарақтандырылды.
Жобаны іске асыру барысында оқу процесін ұйымдастырудың 4 моделі сыналды. Жоба нәтижелері, сыртқы мониторинг, педагогтердің пікірлері төрт модельдің ішіндегі - ШЖМ-де сабақты цифрлық ресурстарды пайдалана отырып, тірек мектеп мұғалімі жүргізетін екінші модель ең тиімдісі екенін растады.
Пилоттық жобаның қорытындылары 2024 жылғы 3 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі О. Бектеновтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында қаралды.
Премьер-министр жобаның қорытындыларын оң бағалап, Ақтөбе облысының тәжірибесі бойынша ШЖМ әлеуетін арттыру бойынша жобаны масштабтауды қамтамасыз етуді тапсырды (2024 жылғы 3 желтоқсандағы № 40 хаттамалық тапсырма).
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Ақтөбе облысының тәжірибесі бойынша тірек және шағын жинақты мектептердің әлеуетін арттыру жөніндегі жобаны масштабтау жөніндегі ұлттық үйлестіруші болып белгіленді. Үйлестіруші ретінде даму стратегиясын іске асыруды және ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту жөніндегі жұмысты үйлестіруді жүзеге асырады. Жобаны масштабтау 2024-2026 жылдары іске асырылады.
«Қазақстан халқына» ҚҚ Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары сияқты ШЖМ саны көп облыстарда жобаны масштабтауға қатысып жатыр.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында 451 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оның 334-І (74%) шағын жинақты мектеп санатына жатады. Ұлттық білім беру ддерекқорының деректеріне сәйкес, өңір шағын жинақты мектептердің үлесі бойынша елімізде жетекші орынға ие. Бұл жағдай профильдік оқытуды қамтамасыз етуде, оқу процесінің өзгермелі нысандарын енгізуде және оқушылардың білім беру ресурстарына қолжетімділігін кеңейтуде елеулі қиындықтар туғызады.
«Білім беруді тұрақты дамыту қоры» ҚҚ Солтүстік Қазақстан облысындағы ағымдағы жағдайды зерделеп, сондай-ақ Ақтөбе облысындағы пилоттық жобаның нәтижелерін ескере отырып, Солтүстік Қазақстан облысының ШЖМ-де білім беру сапасын арттыру жөнінде ұсыныс енгізді.
Жоба кешенді болып табылады, педагогтардың біліктілігін арттыруды және курстан кейінгі сүйемелдеуді, педагогтарға әдістемелік көмек көрсетуді, оқушылардың оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізуді, мектептерді оқу жабдықтарымен жарақтандыруды көздейді.
Солтүстік Қазақстан облысының Білім басқармасы қаржыландыру бөлді, мемлекеттік сатып алулар жүргізілді, оның қорытындысы бойынша «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-мен педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту (біліктілігін арттыру, курстан кейінгі сүйемелдеу), оқушыларға сыртқы бағалау жүргізу, педагогтарға әдістемелік көмек көрсету бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасалды.
Сонымен, оқушылардың сапалы білімге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін 5-11 сынып оқушыларына математика, физика, химия, биология, және ағылшын тілі пәндері бойынша онлайн-офлайн оқыту ұсынылды.
Бұдан басқа, облыстың Білім басқармасы онлайн оқытуды ұйымдастыру және оқу кабинеттерін жеткізу басталғанға дейін кабинеттерде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жеткілікті интернет жылдамдығын қамтамасыз етеді.
«Қазақстан халқына» ҚҚ 39 шағын жинақты мектепте кабинеттерді жарақтандыру бөлігінде қайырымдылық көмек көрсетіп жатыр. Бұл ретте 80-нен астам оқушысы бар 33 мектепте 8, 10, 12, 14, 16, 18, 20 орынға шақталған екі кабинеттен – цифрлық кабинет (информатика, робототехника) және ғылым кабинеті (физика, химия, биология, география, математика). 80-нен кем оқушысы бар 6 мектепте 6, 8, 10 оқушыға шақталған - цифрлық кабинет пен ғылым кабинетінің мүмкіндіктерін біріктіретін бір әмбебап кабинет.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сәйкес жалпы ел бойынша 6879 мемлекеттік мектептің 73%-ы (5026) ауылдық мектептер, оның 53%-ы (2654) шағын жинақты мектептер болып табылады. Әрбір екінші ауыл мектебі шағын жинақты мектеп болып табылады. Ауылдық мектептерде мектеп жасындағы балалардың жалпы санының 40%-ы оқиды.
Солтүстік Қазақстан облысының ШЖМ тап болған проблемалар.
Солтүстік Қазақстан облысында ШЖМ бірқатар проблемаларға тап болуда, олардың ішінде білім беру сапасының төмендігі, білікті педагогтардың тапшылығы, олардың кәсіби дамуына жеткіліксіз көңіл бөлу және материалдық-техникалық базаның әлсіздігі.
Кадр тапшылығы және педагогтар біліктілігінің төмендігі.
Бұл проблемалар оқушылардың шағын контингенті, параллель сыныптардың болмауы және біріктірілген сынып-жинақтарының болуы мұғалімдерге жүктеменің төмендеуіне әкеліп соқтыратынымен байланысты және ауыл мектебіне білікті кадрларды тартуға мүмкіндік бермейді.
Солтүстік Қазақстан облысының ШЖМ-де 1091 педагог жұмыс істейді, оның ішінде 250-ден астам мұғалімнің біліктілік санаты жоқ, тек 341 педагогтің «модератор» санаты бар, бұл ретте бірде-бір мұғалімнің «шебер» жоғары санаты жоқ. Сонымен қатар, жобаға қатысатын 39 ШЖМ-де 15 бос жұмыс орны бар, бұл кадр тапшылығын күшейтеді. Педагогтердің едәуір бөлігі дайындық профилі бойынша емес, әсіресе математика, физика, химия, биология, информатика және ағылшын тілі пәндері бойынша сабақ беріп жүр.
Бұл нәтижелер педагогтардың біліктілігін арттыруға, әсіресе нақты ғылымдар мен ақпараттық технологияларға үлкен күш салу қажеттілігін растайды. Жоба аясында педагогтердің пәндік білімін тереңдетуге, педагогикалық технологиялар мен қашықтан оқыту әдістерін жақсартуға, жасанды интеллектті пайдалануға бағытталған біліктілікті арттыру курстары ұсынылады.
Жоба шеңберіндегі курстардың бағдарламалары өңірдің қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, ББЖМ-2023 және PISA-2022-де анықталған ағымдағы проблемаларды талдау негізінде, сондай-ақ ШЖМ-де оқыту сапасын арттыруға баса назар аудара отырып жасалды.
Оқушылардың төмен нәтижелері.
Бүгінгі таңда ауылдық мектептегі білім сапасы елдегі орташа деңгейден төмен. Бұған халықаралық салыстырмалы зерттеулер (TALIS, PISA, ICILS) және білім алушылардың білімін бағалаудың ұлттық жүйелері (ҰБТ, ОЖСБ) дәлел бола алады. PISA-2022 нәтижелеріне сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қала мен ауыл арасында білім беру сапасында математикалық сауаттылық бойынша 10 балдан оқу сауаттылығы бойынша 24 балға дейін алшақтық бар.
Сонымен қатар, мектептің материалдық-техникалық базасының деңгейі білім беру сапасына әсер ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады.
Оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама, атап айтқанда PISA-2022 қорытынды зерттеуі білім алушылардың білім жетістіктері мен мектептердің материалдық жабдықталуының өзара байланысын көрсетеді.
ББЖМ-2023 (Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі):
Ұлттық тестілеу нәтижелері Солтүстік Қазақстан облысының ШЖМ білім беру жүйесінің тиімділігі жеткіліксіз екенін растайды.
Білім алушылардың білім беру жетістіктерінің мониторингі (ББЖМ) Қазақстандағы білім беру сапасын бағалау және жақсарту үшін маңызды құрал болып табылады. ББЖМ жыл сайын өткізіледі және математика, қазақ (орыс) тілі, табиғаттану және оқу сауаттылығы сияқты пәндер бойынша 4 және 9-сынып оқушыларын қамтиды. 2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы нәтижелер өткен жылдармен салыстырғанда біршама төмендеді.
4-сынып
2023 жылы 4-сыныптың нәтижелері орташа балл 30-дан 16,5-ті құрағанын көрсетті. Бұл мән Қазақстан бойынша 16,87 балды құраған орташа деңгейден төмен. ББЖМ-2023 қорытындысы бойынша қала-ауыл бөлінісінде өңір білім алушыларының жетістіктерінде белгілі бір алшақтық байқалады. Сауаттылықтың барлық үш түрі бойынша қала оқушылары ауылдық оқушыларға қарағанда көбірек тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар, тапсырмалардың күрделілігі неғұрлым жоғары болса, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтық соғұрлым жоғары болады. Ең үлкен айырмашылық сондай-ақ математикалық сауаттылық бойынша байқалып – 0,94 балды немесе тапсырмаларды орындаудың 7,8%-ын құрады. Мұндай нәтижелер мынадай проблемаларды айғақтайды:
Математика: оқушылар қосу, азайту, көбейту және бөлу сияқты негізгі математикалық ұғымдарды меңгеруде қиналуда. Бұл сонымен қатар логикалық ойлауды қажет ететін тапсырмаларды шешуге дайындықтың жеткіліксіздігін айғақтауы мүмкін.
Оқу және сауаттылық: Оқу және сауаттылық балдары да төмен болып қалуда, бұл мәтінді түсіну, маңызды ақпаратты бөліп алу және оны түсіндіру дағдыларының жетіспеушілігін растайды. Оқушылар мәтіннің әртүрлі бөліктерінде жасырылған егжей-тегжейлерді табуды, мәтіннің мазмұны мен формасын бағалауды, ақпаратты сипаттау және салыстыру үшін қорытынды жасауды қажет ететін қиындау тапсырмаларды орындау кезінде қиналады.
Жаратылыстану сауаттылығы: Табиғат пен жануарлар әлемі туралы негізгі білімді меңгеруде де проблемалар анықталды. Табиғаттану сауаттылығы оқушыларға қоршаған ортаны және оның процестерін түсінуге көмектесетін табиғат, экология, биология және физика негіздері туралы білімді қамтиды.
9-сынып
ББЖМ-2023 мониторингінде 9-сыныптың нәтижелері 75-тен 29,81 балды құрады, бұл нәтижесі 75-тен 36,8 балды құраған республикалық деңгейден тағы да төмен болып шықты. Өңірдің тоғызыншы сынып оқушыларының төрттен үш бөлігі 21-40 балл жинады. Оқушылардың шамамен 14%-ы төмен нәтиже (0-20 балл) көрсетті. Бұл нәтижелер орта мектеп оқушыларының алгебра, геометрия және жаратылыстану ғылымдары сияқты күрделі пәндерді меңгеруде қиналатынын көрсетеді:
Математика: Оқушылар алгебра, геометрия және аналитикалық тәсілді қажет ететін есептерді шешудің қиындау тақырыптарында айтарлықтай проблемаларға тап болуда. 9-сыныптардағы математикадан орташа балл, әдетте, неғұрлым күрделі ұғымдарға байланысты төмен болады, бұл тереңірек деңгейде оқытудың қажеттілігін растайды.
Жаратылыстану (биология, физика, география, химия) сауаттылығы: Пәндер бойынша нәтижелер төмен болып шықты, бұл практикалық дағдылар мен табиғи процестерді терең түсінудің жоқтығын көрсетеді. Физика заңдары, химиялық реакциялар және биологиялық процестер сияқты тақырыптарды меңгерудегі проблемалар зертханалық жұмыстардың жеткіліксіздігімен және ескірген оқу материалдарын қолданумен байланысты.
Оқу және сауаттылық: орта мектептегі сауаттылық деңгейі әдетте жоғары болғанымен, 9-сыныптарда нәтижелер орташадан төмен болып шықты, бұл мәтіндерді талдау мәселелерін және жазбаша мен ауызша сөйлеу практикасының жеткіліксіздігін растайды.
ББЖМ-2023 нәтижелері Солтүстік Қазақстан облысының оқушыларын оқытудағы бірнеше негізгі проблемаларды көрсетеді:
Математикалық және жаратылыстану білімінің негіздерімен проблемалар: 4-сыныптарда негізгі математикалық ұғымдармен, ал 9-сыныптарда қиындау математикалық және жаратылыстану тапсырмаларымен қиындықтар байқалады.
Мәтінмен және ақпаратпен жұмыс істеу дағдыларының жетіспеушілігі: оқу және сауаттылық нәтижелері оқушылардың мәтіннен маңызды ақпаратты бөліп алуда, оны тұжырымдау үшін түсіндіруде, ақпараттың сапасы мен сенімділігін бағалауда қиындықтарға тап болғанын көрсетеді.
Практикалық сабақтар мен зертханалық жұмыстарды жақсарту қажеттілігі: Табиғаттану және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық проблемалары практикалық дайындықтың жеткіліксіздігімен және зертханалық және практикалық сабақтардың аздығымен байланысты болуы мүмкін.
Мектептерді заманауи жабдықтармен жабдықтау проблемалары.
Солтүстік Қазақстан облысының ШЖМ көпшілігінде материалдық-техникалық база жеткіліксіз. Атап айтқанда, мектептерде интерактивті тақталарды, компьютерлік техниканы, проекторларды, мультимедиялық құралдарды, жаратылыстану-ғылыми пәндерге арналған мамандандырылған зертханаларды қоса алғанда, сапалы оқу процесін ұйымдастыру үшін қажетті жабдықтар жоқ.
80-нен астам оқушысы бар 33 мектеп үшін екі кабинет – цифрлық кабинет және ғылым кабинеті орнатылады. 80 оқушыдан аз 6 мектепте цифрлық кабинет пен ғылым кабинетінің мүмкіндіктерін біріктіретін бір әмбебап кабинет орнатылады.
Бұл жабдық педагогтар мен оқушыларға заманауи білім беру технологиялары мен жабдықтарына қол жеткізуді қамтамасыз етеді, оқыту сапасын арттырады және тиімді онлайн-сабақтар өткізуге мүмкіндік береді, бұл облыстың ШЖМ-де оқу процесін жақсартуға ықпал етеді.
Нәтижесінде педагогтердің біліктілігін арттыру, оқытудың заманауи әдістерін енгізу, мектептерді оқу, зертханалық жабдықтармен, дидактикалық материалдармен жарақтандыру арқасында оқу пәндерін табысты игеру, білімдегі олқылықтарды жою үшін жағдайлар жасалатын болады, бұл өз кезегінде оқушылардың үлгерімін жақсартуға ықпал етеді. Бұл шешім білім беру мүмкіндіктеріндегі теңсіздіктерді жоюға және жалпы академиялық үлгерімін арттыруға ықпал етеді.
- Солтүстік Қазақстан облысының 39 шағын жинақты мектебінің 5-11-сынып оқушылары;
- Солтүстік Қазақстан облысының 39 шағын жинақты мектебінің педагогтары мен әкімшілігі
Жобаны іске асыру кезеңі: 2025 - 2026 жылдар