Жобасының мақсаты – «Арқалық қалалық Мәдениет сарайы» МКҚК базасында халықтың жан-жақты дамуына ықпал ететін бағдарламаларды енгізе отырып, заманауи, қолжетімді және көпфункционалды мәдени кеңістік қалыптастыру болып табылады.
Жобаның міндеттері:
Жобаның жоспарланған жалпы шығындар сметасы 1 944 266 100 теңгені құрайды. Қордың қатысуы «Арқалық қалалық Мәдениет сарайын» жабдықтау бөлігінде көзделген және жалпы сомасы 424 878 100 теңгені құрайды.
Басқа серіктестердің үлесі (Компьютерлік академия «ШАГ», «Крисмас+» АҚ – оқыту серіктесі, «Арқа дидары» телеарнасы, «3D Инновации» ЖШС) – оқыту, менторлық және әдістемелік сүйемелдеу.
Арқалық қаласы – облыстық маңызы бар қала, 1997 жылдан бері Қостанай облысының құрамына кіреді (Торғай облысы таратылғаннан кейін). Халық саны – 27 705 адам (2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша). Арқалық қаласы әкімдігіне қарасты 17 елді мекенмен (Родина, Қайынды, Қызылжұлдыз және т.б.) бірге жалпы халық саны – 36 697 адам. Қостанай қаласынан Арқалыққа дейінгі қашықтық – 480 км.
Арқалық – жастар үлесі жоғары моноқалалардың бірі. Мұнда 4 000-нан астам студент колледждер мен институтта білім алуда, ал 11 мектепте 5 000-нан астам оқушы оқиды. Қала 1956 жылы жұмысшы кенті ретінде құрылған, 1965 жылы қала мәртебесін, ал 1970 жылы облыс орталығы мәртебесін алған. Қаланың қалыптасуы мен дамуында ТБРУ (Торғай боксит кен басқармасы) шешуші рөл атқарды. Кәсіпорын 1956–2021 жылдар аралығында жұмыс істеді (ERG тобының құрамындағы «Қазақстан Алюминийі» АҚ-қа кірді).
60 жылдан астам уақыт ішінде ТБРУ 1,5 миллиард текше метрден астам тау жынысын өңдеп, 80 миллион тоннадан астам боксит пен 20 миллион тонна отқа төзімді саз өндірді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық және демографиялық жағдайы осы кәсіпорынның қызметімен тығыз байланысты болды.
1970 жылдан 1991 жылға дейін қала халқы 15 мыңнан 65 мың адамға дейін өсті. Ал 1991–1999 жылдары ішкі (Қостанай, Алматы қалаларына) және сыртқы (ТМД елдеріне) көші-қон нәтижесінде халық саны 19 мың адамға азайды. Бұл көрсеткіш Қазақстан тарихындағы бір әкімшілік бірлік аясындағы ең ірі халық кету үдерісі болды.
Облыс орталығы мәртебесінен айырылу Арқалық тұрғындарының өмір сүру деңгейіне кері әсерін тигізді: коммуналдық қызметтердің жеткіліксіздігі, жолдар мен инфрақұрылымның тозуы орын алды. Тұрғындарды қаланың орталық бөлігінде тығыз шоғырландыру арқылы шығындарды азайту саясаты жүргізілді.
Экономиканың әртараптандырылмауы, облыс орталығынан алыс орналасуы, қатаң климат және халықаралық көлік дәліздерінен шеткері орналасу өңірдің ерекшелігін арттыра түсті.
Торғай өңірі – еліміздің білім беру, мәдениет, әдебиет және руханият салаларында айрықша орынға ие. Бұл өңірден шыққан тұлғалар Қазақстанның гуманитарлық дамуына елеулі үлес қосты. Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы, Ыбырай Алтынсарин, Міржақып Дулатов, Төлен Әбдік, Ғафу Қайырбеков сынды көрнекті қайраткерлер осы өңірде дүниеге келген. 1864 жылы дәл осы Торғай жерінде Ы. Алтынсарин алғашқы халық мектебі мен оған қарасты интернат ашты.
2021 жылдан кейін ТБРУ жабылған соң, қалада экономиканы әртараптандыру саясаты жүргізілуде. Сонымен қатар, қалада тартылыс орталықтары қалыптасуда, олардың бірі – 1972 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты.
2022 жылы елімізде үш жаңа облыс (Абай, Жетісу, Ұлытау) құрылғаннан кейін Арқалыққа республикалық деңгейде қызығушылық арта түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей назарында болып отыр. 2025 жылғы наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Президент Астанадан Арқалық және Торғай арқылы халықаралық жол салуды және әуежайды қалпына келтіруді тапсырды.
Қаржыландыру тапшылығына қарамастан, Арқалықта тәуелсіздік жылдары ірі мәдениет ошақтары өз жұмысын жалғастырып келді: Қазақ жасөспірімдер театры, Далалық өңірдің тарихы музейі, №2 облыстық әмбебап ғылыми кітапхана (Орталықтандырылған кітапхана жүйесі).
Дегенмен, қаланың мәдени және қосымша білім беру инфрақұрылымы шектеулі, техникалық және моральдық тұрғыдан ескірген, қазіргі заман талабына сай емес.
Қалада 3 қосымша білім беру ұйымы бар, онда 3095 бала оқиды: «Жас-Ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығы, «Қосымша білім беру орталығы» ММ, «Арқалық қалалық Мәдениет сарайы» ШЖҚ КМК. Бағыттары: спорттық-сауықтыру, ғылыми-техникалық, сәндік-қолданбалы, экологиялық-биологиялық, қоғамдық-гуманитарлық, туристік-өлкетану, көркем-эстетикалық, әлеуметтік-педагогикалық, әскери-патриоттық. Ғылыми-техникалық бағытта бар болғаны 4 үйірме бар, 213 бала қамтылған – бұл қосымша білім беру жүйесіне қатысатындардың 6,9%-ы ғана. Бұл жаңа техникалық үйірмелер ашуға қажеттілік бар екенін көрсетеді.
Қалалық Мәдениет сарайы 1973 жылы ашылғанымен, 2013 жылдан бері жұмыс істемейді. Қазіргі таңда 848 адам қатысатын 35 үйірме Ануар Боранбаев атындағы кинотеатр ғимаратында орналасқан. Негізгі бағыттар – домбыра, қобыз, мүшәйра, айтыс, хореография, вокал, вокалды және аспаптық ансамбльдер.
Өз ғимараты болмағандықтан, көркем және шығармашылық бағыттағы үйірмелер білім беру мекемелері мен бейімделген орындарда өткізіледі.
«Арқалық қалалық Мәдениет сарайы» ШЖҚ КМК ғимараты жөндеуге дейін апатты жағдайда болды. Онда қоғамдық, бұқаралық және білім беру іс-шараларын өткізу мүмкіндігі болмауы республикалық шығармашылық ұжымдардың гастрольдік сапарларын, жергілікті шығармашылық топтардың репетицияларын ұйымдастыруға кедергі келтірді.
Ірі мәдени-бұқаралық іс-шаралар Қазақ жасөспірімдер театры мен Балалар-жасөспірімдер орталығында, ал оркестр – Гуманитарлық колледжде, хор және би топтары – Арқалық педагогикалық институтының кабинеттерінде репетиция өткізеді.
Сауалнамалар, тұрғындармен кездесулер және әлеуметтік желілерді талдау нәтижелері қала тұрғындары ірі мәдени-әлеуметтік нысанның жоқтығын маңызды мәселе ретінде атап өткенін көрсетті.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Арқалықта білім беру, қосымша білім, спорт, әлеуметтік қолдау бағытында барлық негізгі қайырымдылық жобаларды іске асырды: тірек мектептерді дамыту – 1 мектеп, Қостанай облысындағы шағын жинақты мектептер – 6 мектеп, «Болашақ инженерлері» – 10 мектеп, арнайы мектепті жарақтандыру – 1 мекеме, білім беру гранттары – 1 институт, Coursera қазақ тілінде – 1 институт. Жалпы Қостанай облысында 14 млрд теңгеден астам қайырымдылық көмек көрсетілсе, Арқалық қаласына 724 997 мың теңге (5%) бағытталды.
Бұл сомаға «QH Аудандық оңалту орталығы Арқалық қаласында» жобасы да кіреді. Жобаның мақсаты – Арқалықтағы аудандық оңалту орталығын жабдықтау.
Қалада мәдени, әлеуметтік және білім беру салаларын дамытуға арналған кешенді кеңістік пен алаңдардың жетіспеуін ескере отырып, «Арқалық қалалық Мәдениет сарайын» күрделі жөндеу Қостанай облысының 2021–2025 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілді.
Арқалық қаласы әкімдігі ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірледі. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен – 1 217 000 000 теңге, ал ғимараттың қасбетін ағымдағы жөндеу және аумақты абаттандыру жұмыстарына – 300 088 000 теңге бөлінді. Жалпы сома – 1 517 088 000 теңге.
Сонымен қатар, ғимарат толық техникалық жарақтандыруды қажет етеді. Мәдени, білім беру, шығармашылық және спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін заманауи инфрақұрылым қажет. Бұл Мәдениет сарайын қала тұрғындары үшін маңызды орталыққа айналдырады.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Б.Х. Нарымбетовтің 2025 жылғы 1 шілдедегі №01-14/6541 хатына сәйкес, жөндеу жұмыстары 15 қыркүйекте аяқталады. Әкімдік 13 тақырыптық үйірме мен акт залының қызметін қамтамасыз ету үшін қосымша штат бөлуге міндеттеледі.
Қала мен өңірде 500 орындық ауқымды, әмбебап залдың болмауы – өзекті мәселе. Бұл зал әртүрлі ресми, мәдени, патриоттық іс-шараларды және театрлар мен музыкалық ұжымдардың гастрольдерін өткізуге мүмкіндік береді.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін әр жас санатына арналған тақырыптық үйірмелер мен кеңістіктер құрылады.
- ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу, техникалық жабдықтау, штаттық бірліктер бөлу және мекеменің толыққанды жұмысын іске қосу.
- мекемені заманауи жиһазбен, жабдықтармен, музыкалық аспаптармен, балалар мен ересектерге арналған үйірмелердің қызметін қамтамасыз етуге арналған спорттық құралдармен жарақтандыру, сондай-ақ сахна мен акт залының жаңартылуы.
- цифрлық технологиялар, қолөнер, бейнелеу өнері, дизайн, театр өнері, телестудия, экология, хореография бағыттары бойынша кемінде 13 жаңа үйірмені ашу;
- үйірмелер мен клубтарға қатысушылар санын арттыру (кемінде 430 адам);
- мәдени және бос уақытты тиімді өткізуге арналған заманауи бағдарламаларды енгізу.
- барлық жастағы тұрғындар үшін мәдени бағдарламалар мен іс-шараларға қолжетімділікті кеңейту;
- мәдени іс-шаралар көрермендері мен қатысушылары санының өсуі.
- концерттер, спектакльдер, көрмелер, байқаулар және форумдар ұйымдастыру;
- Арқалық қаласының шығармашылық ұжымдарының қалалық, облыстық және республикалық байқаулар мен фестивальдерге қатысуын арттыру.
- педагогтерге, мәдениет саласының мамандарына, техникалық және қызмет көрсету персоналына арналған кемінде 45 жаңа жұмыс орны.
«Арқалық қалалық Мәдениет сарайы» МКҚК және Арқалық қаласының тұрғындары.
Географиясы: Арқалық қаласы, Абай даңғылы, 29/1
Жобаны іске асыру мерзімі: 2025 жыл.
Жобаны іске асыру кезеңдері (бірізді және қатар жүретін):
I кезең: Дайындық кезеңі.
Қалалық Мәдениет сарайы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Балалар мен ересектерге арналған үйірмелер мен клубтардың тізімін анықтау, олардың қызметін ұйымдастыруға арналған кабинеттерді белгілеу. Қажетті жабдықтар мен жиһаздардың тізімін жасау.
II кезең: Материалдық-техникалық жабдықтау.
Жабдықтаушыларды іріктеу, шарт жобасын дайындау, жобаның тараптарымен шарттарға қол қою. Жабдықтарды жеткізу, орнату, іске қосу және баптау.
III кезең: Әдістемелік сүйемелдеу.
Жеткізілген жабдықтарды пайдалануға үйрету бойынша оқыту жүргізу. Жоба серіктестері тарапынан әдістемелік сүйемелдеу.
IV кезең: Қалалық Мәдениет сарайының қызметін іске қосу.
Балалар мен ересектерге арналған үйірмелердің жұмысы. Мәдениет сарайының базасында мәдени-көпшілік, шығармашылық, білім беру іс-шаралары мен байқаулар өткізу.
V кезең: Жобаны іске асыру жөніндегі оператордың есебін дайындау.