«Қазақстан халқына» қоры Шу мен Бірлікте спорт залдарын ашты

Шу қаласы мен Бірлік ауылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қайырымдылық жобасы аясында Жамбыл облысы әкімдігінің және қордың донор кәсіпорны — «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қолдауымен салынған екі заманауи модульдік спорт залының салтанатты ашылуы өтті.

Ашылу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қоғам белсенділері, тұрғындар, ата-аналар мен балалар қатысты.

«Бүгін біз Шу қаласы мен Бірлік ауылында заманауи спорт залдарын ашып отырмыз. Бұл — бірлескен күш-жігердің арқасында өскелең ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер жасауға болатынының жарқын үлгісі. Ел Президентінің дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бастамаларын қолдау біздің жобаларымыз арқылы нақты іске асуда. Қазіргі таңда “Қазақстан халқына” қоры Жамбыл облысында жалпы құны 12,5 млрд теңгені құрайтын 21 жобаны жүзеге асыруда, және әрбір жобаның өңір тұрғындары үшін маңызы зор», — деп атап өтті қор басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева.

Құны 346 млн теңгені құрайтын екі спорт залын салу жобасы қалалар мен ауылдық жерлерде сапалы спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін кеңейту мақсатында жүзеге асырылды. Жаңа спорт залдары заманауи стандарттарға сай футбол, волейбол, баскетбол және басқа да командалық спорт түрлерімен айналысуға толық жабдықталған және жыл бойы пайдалануға арналған. Бұл бұрын спортпен шұғылдану тек мектеп ғимараттары мен ашық алаңдармен шектелген өңірлер үшін аса маңызды.

Халқы 45 мыңнан асатын Шу қаласы мен 3,5 мыңнан астам тұрғыны бар Бірлік ауылы жаңа спорт нысандарына аса мұқтаж. Мұндай нысандардың ашылуы тұрақты жаттығулардың қолжетімділігін арттырып, бұқаралық спорттың дамуына ықпал етеді және балалар мен жастар арасында салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастырады. Жобаны жүзеге асыру Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының басымдықтарына сәйкес.

Спорт залдар Шу қаласындағы №36 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің және Бірлік ауылындағы №38 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің балансына беріледі. Бүгінгі таңда болашақ үйірмелер мен топтардың кестесі жасақталған. Ата-аналар енді балалардың жайлы жағдайда жаттығып, ал жаттықтырушылардың командалық спорт түрлерін жаңа деңгейде дамытуға мүмкіндік алды.

Жалпы алғанда, Қор республика бойынша 24 модульдік спорт залын салу бағдарламасын жүзеге асыруда: оның 12-сі толық іске қосылды, қалғандары биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Шу мен Бірліктегі спорт залдарының ашылуы жергілікті қауымдастық үшін маңызды оқиғаға айналды. Тұрғындардың айтуынша жаңа спорт нысандары тек жаттығуға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, балалар, жасөспірімдер мен жастар үшін тартымды орталыққа айналады. Жоба өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтып, бұқаралық спортты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуда.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері

Сіз Қордың құзыреті шегінде қарауға өтінім жібере аласыз

© Социальный фонд «Қазақстан халқына»
С помощью Дизайн десант.
© «Қазақстан халқына» Қоғамдық қоры
Дизайн десант көмегімен.