«Қазақстан халқына» қоры еліміздегі ауылдар мен моноқалаларда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жұмысты жалғастырып келеді. Соның ішінде өңірлерде заманауи спорт нысандарын салу да бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын үнемі атап өтіп, оны азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатын нығайтумен байланыстырады.
Балқаш қаласында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен салынған «Металлург» модульді спорт залының салтанатты ашылуы өтті. Кешеннің құрылысына 202 миллион теңге бағытталды. Жобаның серіктестері ретінде Қарағанды облысының әкімдігі мен Балқаш қаласының әкімдігі қатысты. Жаңа спорт нысаны қаланың маңызды инфрақұрылым бөлігін толықтырып, спортпен шұғылданғысы келетін барлық тұрғындарға есігін айқара ашты.
Шараға Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы «Balqash Tau-ken ondirisi» бас директорының орынбасары Асет Акаев, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорының Білім, мәдениет және спорт саласындағы бағдарламалар мен жобаларды басқару орталығының жетекшісі Динара Олжабаева қатысты. Салтанатқа қоғам өкілдері, спортшылар және қала тұрғындары, оның ішінде аға буын өкілдері жиналды. Олар туған қалаға, оның тұрғындары мен дәстүрлеріне деген қамқорлықтың сақталып қана қоймай, белсенді түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, жас спортшылардың дамуына шабыт береді.
Балқаштағы спорт кешені футбол, волейбол, баскетбол және басқа да командалық спорт түрлерімен айналысуға арналған. Ерекше көңіл балаларға, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды спортқа тартуға бөлінеді. Меморандум аясында жергілікті атқарушы органдар халықты кеңінен қамтып, балалар мен жастарды спорттық ойындарға белсенді түрде тарту міндеттемелерін өз мойнына алды.
Жаңа модульді спорт залы қаланың барлық жас тұрғындары үшін спорт пен салауатты өмір салтын дамытатын орталыққа айналады. Кешенде душ кабиналары мен шкафтары бар киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған, бұл жаттығу жасауға қолайлы жағдай жасайды. Жабық әрі жылыту жүйесі бар ғимарат жыл бойы жаттығуға мүмкіндік береді. Залдың жалпы ауданы — 1 320 шаршы метр. Жобаны іске асыру жергілікті атқарушы органдар және жеке серіктестермен бірлесе жүргізілді. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, соның ішінде сыртқы инженерлік желілерді тарту жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
«Қазақстан халқына» қоры ауылдық елді мекендерде, шағын және моноқалаларда спорт инфрақұрылымын дамытуды жылдам тұрғызылатын модульді залдарды орнату арқылы белсенді жалғастырып келеді. Осы қайырымдылық бағдарлама аясында 7 облыста — Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында 10 спорт нысаны салынып, жұмыс істеп тұр. Тағы 9 облыста 14 нысанның құрылысы жүріп жатыр, олар 2026 жылы аяқталады. Әрбір залға жыл сайын шамамен 36 000 бала мен ересек адамдар барады деп жоспарлануда.

Сіз Қордың құзыреті шегінде қарауға өтінім жібере аласыз