Ақтөбе облысының Шалқар қаласында «QH Аудандық оңалту орталықтары» қайырымдылық жобасы аясында құрылған нейро-ортопедиялық бұзылыстары бар балаларға арналған аудандық оңалту орталығы салтанатты түрде ашылды.
Іс-шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрағасы Лаззат Чинкисбаева және «Қамқорлық Қоры» ҚҚ директоры Арайлым Еркинова қатысты.
Бұл республикадағы бесінші орталық және жоба аясында Шалқар қаласы, О. Сейтова көшесі, 33 мекенжайындағы Шалқар аудандық ауруханасының базасында ашылды. Ол жыл сайын Шалқар, Ырғыз және Байғанин аудандарының ауылдық жерлерінде тұратын 600-ге дейінгі баланы қолжетімді және сапалы оңалтумен қамтамасыз ете алады.
Жоба Ақтөбе облысы әкімдігінің, Нұрсұлтан Назарбаев қорының және «Қамқорлық қоры» КҚ қолдауымен «Қазақстан халқына» ҚҚ бірлескен күш-жігерімен іске асырылды. Облыс әкімдігі орынжайлар ұсынып қана қоймай, орынжайларға жоба стандарттарына сәйкес келетін бірыңғай дизайн-тұжырымдамада күрделі жөндеу жүргізді.
«Қазақстан халқына» қоры Орталықты кешенді оңалту жүргізетін, құны 181,2 млн теңгені құрайтын озық жабдықтармен қамтамасыз етті.
«Бүгінде Шалқарда ашылған Орталық – бұл заманауи жабдықтармен жабдықталған ғимарат қана емес, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға маңызды көмек. Біз әрбір балаға тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы оңалту қолжетімді болуын қамтамасыз етуге тырысамыз. Бұл жоба ел Президенті жариялаған ауқымды әлеуметтік бастамалар аясында жүзеге асырылуда және «Қазақстан халқына» қоры осы бағыттағы жұмысты жалғастырады», – деп атап өтті «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Лаззат Чинкисбаева.
Орталықта Ottobock вертикализаторлары, Rifton жүйелері, стационарлық велосипедтер, Tyrostation тренажерлері, «Атлант» пневматикалық костюмдері, сондай-ақ «Бақашабақ» және «Шегіртке» төсеуге арналған инновациялық кешендер орнатылған. Тиімді сенсорлық және релаксациялық терапия үшін сенсорлық бөлме, тұз шахтасы және шунгит бөлмесі қарастырылған. Гидротерапия жүргізу үшін иммерсиялық ванна орнатылды.
Орталықта жұмыс істейтін мамандарды оқытуды Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырды. Команданың барлық мүшелері — невропатологтар, реабилитологтар, логопедтер, дефектологтар, ЕДШ нұсқаушылары, психологтар мен кәсіптік терапевттер — біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Бұл балаларға халықаралық стандарттарға сәйкес көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Ауылдық жерлерде инфрақұрылымды дамыту – маңызды мемлекеттік басымдық. Жоба сапалы медициналық және әлеуметтік қызметтерге қол жеткізудегі қала мен ауыл арасындағы теңгерімсіздікті төмендетуге бағытталған. Шалғай аудандарда осындай орталықтар ашу отбасыларға облыс орталығына бармай-ақ үйінің жанынан білікті көмек алуға мүмкіндік береді.
Орталық ауылдық жерлерде инфрақұрылымды дамытуға және қадамдық қолжетімділікте оңалтуды қамтамасыз етуге бағытталған «QH Аудандық оңалту орталықтары» жобасының бір бөлігіне айналды. Осы жоба аясында бүкіл ел бойынша тағы 14 аудан орталығын ашу жоспарлануда.